Шараға құрметті қонақтар ретінде Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, ауыл тұрғындары Қуанышбек Мамайұлы мен Сәуле Бусаханова шақырылды. Қонақтар тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы жайында ой қозғап, 1986 жылғы қасіретті де қаһарлы Желтоқсан оқиғасының куәгерлері ретінде сол кезеңдегі бастан өткерген жайттарымен бөлісті. Олар Тәуелсіздік жолында жастардың жанқиярлықпен күресіп, ел болашағы үшін өз өмірлерін құрбан етуге дейін барған ерліктерін мектеп оқушыларына әсерлі түрде баяндап берді.
Бірі білсе, бірі білмес, Тәуелсіздік жолында өз үлесін қосуға ниет еткен ғалым С. Қондыбай да Желтоқсан оқиғасына қатысып, 10 күн абақтыға қамалған болатын. Алайда оқытушыларының көмегімен босатылып, оқуын әрі қарай жалғастырған. Бұл туралы оның курстастары баяндап берді. Осы ерлігі үшін 2016 жылы С. Қондыбай «Желтоқсанның 30 жылдығы» медалімен марапатталды.
Шара барысында М. Атымов атындағы орта мектептің оқушылары кезек-кезек отансүйгіштік рухтағы мәнерлі өлеңдер оқып, кештің мазмұнын аша түсті. Сондай-ақ Zoom платформасы арқылы С. Қондыбайдың группаласы – Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы П. Тәжібаева атындағы жалпы білім беретін мектептің география пәнінің мұғалімі Жолдасова Жанар Шахидуллаевна Серікбол туралы және Желтоқсан оқиғасына қатысты естеліктерімен бөлісті.
Егемен еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк байрағымыз мәңгі желбірей берсін!