«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» халықаралық шарасы аясында кеше Анкара қаласында түркі ғылыми мифологиясының іргетасын қалаған феномен, қазақтың мифолог ғалымы Серікбол Қондыбайдың «АРҒЫҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫ» төрт томдық кітабының түрік тіліндегі аудармасының (аударған түрік ғалымы профессор Булент Байрам) тұсаукесері болып өтті.
•Осы шараны ауқымды көлемде ұйымдастырып, Серікбол ілімінің жалпытүркілік деңгейде насихатталуына үлес қосып жатқан Түркісой халықаралық ұйымына алғысымыз шексіз.
Кітап қоры жағынан ең бай кітапханалардың санатындағы Президент жанындағы Түрік Ұлттық кітапханасында өткен бұл шарада Серікболды таныту жолына өзінің бар өмірін арнаған, оған қатысты барлық жұмыстардың ұйытқысы болып келе жатқан — Балсұлу Қондыбай «Бауырым – дара да, дана еді…» тақырыпта сөз сөйлеп, Серікбол шығармашылығына шолу жасады.
Серікболтану ғылымының қалыптасуына өз үлесін қосып, Серікбол мұраларын мемлекеттік қызмет, білім беру салаларында танытып жүрген тілші-ғалым, профессор Балкенже Ақбердыева «Серікбол Қондыбай ілімі – түбі бір түркі дүниесін тұтастырушы парадигма ретінде» деген тақырыпта баяндама жасады. Серікбол тек қазақ мәдениетінің мифтік қабаттарын ашып қана қоймай, күллі түркі дүниесінің ортақ тамырын айқындайтын ғылыми-әдіснамалық негіздерді жасап кеткендігі тілге тиек етілді.
Шараның өте жоғары деңгейде өткендігі шетелдік және отандық телеарналар мен әлеуметтік желілерде жариялануда.