Дөңгелек үстелге марқұм, ғалым С.Қондыбайдың мектеп кезіндегі ұстаздары және шәкірттері, колледж оқытушылары қатысты. Келген қонақтар LED экранына қойылған «Серікболмен сұхбат» атты бейнероликті тамашалады. Шара барысында ғалымның осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері, рухы ұлықталған іс-шаралар, артына қалдырған еңбектері талқыланды.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан».
Серікболдың ұстаздары: сынып жетекшісі болған Күміс Қойшыбаева, география пәнінен сабақ берген Аққалам Дүйсенбаева, математика пәнінен сабақ берген Шырынгүл Байдуллаева және №3 орта мектептегі С.Қондыбай атындағы кабинеттің меңгерушісі Меруерт Қилыбаева және жеңгесі әрі орыс тілі пәнінен сабақ берген Ізғалиева Жұмагүл апайларымыз «Серікбол шәкірт ретінде немен ерекшеленді?», «Бойынан қандай үлгі боларлық қасиеттер көріне білді?» деген сұрақ аясында кезекпен сөз сөйлеп ғалымның рухын ұлықтап, оқушы шағындағы үлгі боларлық қасиеттерін еске алып, ыстық естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Серікбол үлгілі шәкірт қана емес, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие берген, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар берген ұстаз да бола білді…
Ғалымның шәкірттері: Қоштаева Ақмаржан, Қаңтаралиева Гүлмира, Айтманова Эльмира сөз кезегін жалғастырды. Ұстазы С.Қондыбайдың ұстаз ретінде ерекшеленген қасиеттерін еске алып, естелік оқиғалармен бөлісті.

